2027 жылы доллар бағамы қанша болады? Сарапшылар болжамын өзгертті
Қазақстанда доллар бағамына қатысты сарапшылар болжамын өзгертті. Ұлттық банк жүргізген макроэкономикалық сауалнама нәтижесіне сәйкес, 2027 жылы АҚШ долларының орташа жылдық бағамы 489,8 теңге болуы мүмкін, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұған дейін сарапшылар келесі жылы доллар 499,6 теңгеге дейін қымбаттайды деп болжаған. Яғни, жаңа болжам бойынша доллар бағамы шамамен 10 теңгеге төмендеді.
Ұлттық банктің қараша айындағы сауалнамасында 2026 жылға арналған болжам да өзгерген. Мамандар биыл доллардың орташа жылдық бағамын 479 теңгеден 472 теңгеге дейін төмендетті.
Ал 2028 жылы америкалық валютаның орташа бағамы 510,4 теңге болуы ықтимал. Бұған дейін бұл көрсеткіш 527,1 теңге деп бағаланған.
Мұнай бағасы мен теңге бағамы
Сарапшылардың болжамына мұнай нарығындағы жағдай да әсер етеді. Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы 2026 жылы барреліне 93,3 доллар болады деп күтіледі. Бұған дейінгі болжам 88,4 доллар болған.
Ал 2027 жылы мұнайдың бір баррелі 80 доллар, 2028 жылы 75 доллар деңгейінде болады деген болжам сақталған.
Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжам бойынша, 2026 жылы жалпы ішкі өнім 4,6 пайызға өседі. 2027 жылы бұл көрсеткіш 4,7 пайыз, ал 2028 жылы 4,5 пайыз болуы мүмкін.
Инфляция мен базалық мөлшерлеме қандай болады?
Сауалнамаға қатысқан мамандар 2026 жылдың қорытындысында инфляция 9,1 пайыз болады деп есептейді. 2027 жылға арналған болжам 8 пайызға дейін төмендеген.
2028 жылы инфляция 7 пайыз деңгейінде болуы ықтимал.
Базалық мөлшерлеме 2026 жылдың соңында 15,75 пайыз шамасында сақталады деп күтіледі. Ал 2027 жылы 13,4 пайызға, 2028 жылы 10,8 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.
Айта кетейік, Ұлттық банктің макроэкономикалық сауалнамасына 15 ұйым қатысқан. Олардың болжамы реттеушінің ресми бағамы емес, нарықтың кәсіби қатысушыларының тәуелсіз пікірі болып саналады.
Осы аптада Қазақстан қор биржасында доллар бағамы 460 теңгеге дейін көтеріліп, саудада рекордтық көрсеткіш тіркелген.