Қазақстанда үш номиналдағы ескі теңге дүкендерде қабылданбайды: мерзімі белгілі болды
2027 жылы Қазақстанда 500, 1 000 және 10 000 теңгелік ескі үлгідегі банкноттар айналымнан шығарылады. Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін бұл ақшамен дүкендерде және сауда орындарында төлем жасау мүмкін болмайды. Дегенмен олардың ақшалай құны жойылмайды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, ескі банкноттар жаңа үлгідегі ақшалармен белгілі бір уақытқа дейін қатар қолданылады. Осы кезеңде сауда орындары екі үлгідегі ақшаны да қабылдауға міндетті.
Айналымнан шығатын банкноттардың мерзімі әртүрлі:
1 000 теңге (2014 жылғы үлгі) – 2027 жылғы 27 наурызға дейін;
10 000 теңге (2012 жылғы үлгі) – 2027 жылғы 27 маусымға дейін;
500 теңге (2017 жылғы үлгі) – 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейін.
Осы күндерден кейін аталған банкноттар заңды төлем құралы мәртебесін тоқтатады. Яғни, дүкендер мен басқа да сауда орындары оларды төлем ретінде қабылдамауға құқылы.
Ескі ақшаны қайда айырбастауға болады?
Ұлттық банк ескі банкноттардың номиналдық құны сақталатынын ескертеді. Сондықтан мерзімі аяқталған соң ақшаны бірден жарамсыз деп санаудың қажеті жоқ.
Азаматтар айналымнан шығарылған банкноттарды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінде үш жыл ішінде жаңа үлгідегі ақшаға айырбастай алады.
Ал Ұлттық банктің аумақтық филиалдарында ескі банкноттарды айырбастау мерзіміне шектеу қойылмайды. Яғни, үш жыл өткеннен кейін де оларды Ұлттық банк бөлімшелеріне өткізуге болады.