Әлеумет

Қазақстанда 2027 жылы АЕК, ең төменгі жалақы және зейнетақы мөлшері өзгереді

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш өзгереді. Атап айтқанда, айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ең төменгі жалақы, зейнетақы және күнкөріс деңгейі өседі. Buginmedia.kz алдағы жылы қазақстандықтарға қандай өзгерістер күтіп тұрғанын жинақтады.

АЕК мөлшері 4 693 теңгеге жетеді

2027 жылы айлық есептік көрсеткіш 4 693 теңге болады. Қазіргі уақытта оның мөлшері 4 325 теңгені құрайды. Осылайша, АЕК 368 теңгеге өседі.

Бұл көрсеткіш мемлекеттік баждарды, айыппұлдарды, жәрдемақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде қолданылады.

Мәселен, 10 АЕК көлеміндегі айыппұл биыл 43 250 теңге болса, келесі жылы 46 930 теңгеге дейін көтеріледі. Ал 20 АЕК мөлшеріндегі төлем 93 860 теңге болады.

Ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады

2027 жылы ең төменгі жалақы мөлшері де өзгереді. Қазір 85 мың теңге болып белгіленген ең төменгі жалақы келесі жылдан бастап 110 мың теңгеге жетеді.

Осылайша, оның көлемі 25 мың теңгеге артады. Бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион қазақстандыққа әсер етеді. Олардың арасында бюджет саласында еңбек ететін 370 мыңнан астам қызметкер бар.

Дегенмен ең төменгі жалақының өсуі барлық жұмысшының айлығы бірдей мөлшерде көбейеді дегенді білдірмейді. Бұл – жұмыс уақытын толық орындаған қызметкерге төленуге тиіс ең төменгі жалақы мөлшері.

Зейнетақы мөлшері де өзгереді

2027 жылы зейнеткерлерге төленетін ең төменгі төлемдер де қайта есептеледі.

Жоспар бойынша:

Ең төменгі зейнетақы – 74 919 теңге;

Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 38 622 теңге;

Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 55 173 теңге.

Салыстырсақ, 2026 жылы ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге, базалық зейнетақы 35 596 теңге болған. Ал күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құраған.

Осылайша, 2027 жылы АЕК 4 693 теңге, ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады. Ал зейнетақы мен күнкөріс деңгейі де шамамен 8,5%-ға өседі.