"Орысша түсінбейді, айнала толған мәмбеттер": кандидат желіде тараған аудиожазбаға жауап берді
Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат Владислав Сергеев Threads әлеуметтік желісінде тараған аудиожазбадан кейін дау ортасында қалды. Жазбадағы ер адамның дауысы Сергеевке тиесілі деген болжам айтылып, онда елорданың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі тұрғындар туралы әдепсіз сөздер айтылған. Алайда кандидат аудиожазбадағы дауыс өзінікі емес екенін мәлімдеп, оның жасанды интеллект көмегімен жасалуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Екінші Шымкент. Айнала толған мәмбеттер»
Бірнеше күн бұрын Threads желісіндегі өзін «Әділет» партиясының еріктісі ретінде таныстырған қолданушы даулы аудиожазбаны жариялаған. Оның айтуынша, бұл дауыстық хабарламаны Владислав Сергеев еріктілердің үйлестірушісіне жіберген.
Жазбада ер адам ертеңгі күні өзіне мәселе туындамағанын қалайтынын айтып, сайлаушылармен жұмыс істеу жөнінде пікір білдіреді.
«Ертең маған проблема керек емес. Маған жақсы сайлаушылар керек. Еріктілерге жаман емес ақша төлеп жатқан сияқтымыз. Халықпен қазақша жақсы сөйлессін. Өзің де білесің ғой, ол жақтағы Юго-Восток екінші Шымкент сияқты. Айнала толған мәмбеттер. Орыс тілін дұрыс түсінбейді. Мені осы ауданға бекітіп қойғаны жүйкеме тиеді», – делінген жарияланған аудиожазбада.
Жазбаны жариялаған қолданушының болжамынша, үйлестіруші хабарламаны соңына дейін тыңдамай, абайсызда еріктілердің ортақ чатына жіберіп алған.
Аудиожазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің наразылығын тудырған. Кейіннен даулы жазба жарияланған пост өшірілген.
Владислав Сергеев не дейді?
Аудиожазба тарағаннан кейін Владислав Сергеев арнайы мәлімдеме жасап, ондағы дауыс өзіне тиесілі емес екенін айтты. Сондай-ақ ол сайлауалды үгіт жұмыстарына еріктілерді тартпағанын жеткізді.
«Таралып жатқан аудиожазбадағы дауыс маған тиесілі емес. Жазба жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Үгіт жұмыстарын сенімді өкілдеріммен бірге жүргізіп жатырмын. Еріктілерді бұл жұмысқа тартқан жоқпын», – деді кандидат.
Ол тексеру үшін полицияға жеке ұялы телефонын беруге дайын екенін де мәлімдеді. Сонымен қатар азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырып, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салды.
Кандидат полицияға арызданды
Кейін Владислав Сергеев видеоүндеу жариялап, Нұра ауданының полициясына арыз бергенін хабарлады.
Ол әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жала деп атап, өзін қолдаған қала тұрғындарына, журналистер мен блогерлерге алғыс айтты.