Аймақ

Алматыда өрттен бес адам қаза тапты, біреуі бала

Алматы қаласының Бостандық ауданында жеке тұрғын үй өртеніп, бес адам көз жұмды. Қаза тапқандардың арасында кәмелетке толмаған бала бар, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Төтенше жағдай 26 қарашаға қараған түні болған. Түнгі сағат 03:44-те өрт туралы хабар 112 пультіне түскен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер төрт минуттан кейін жеткен. Алайда сол уақытта үйді жалын шарпыған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өртті сөндіруге жеке құрамның 35 қызметкері мен тоғыз техника жұмылдырылған.

Өрт толығымен сағат 04:42-де сөндірілген. Оқиға орнынан бес адамның мәйіті табылған. Олардың бірі – кәмелетке толмаған бала.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.