Әлемде

Бақытты күн қасіретке айналды: жас жұбайлар үйленгеннен кейін бес минуттан соң қаза тапты

АҚШ-тың Техас штатында үйлену тойынан кейін небәрі бес минут өткенде жас жұбайлар жол апатынан көз жұмды. Қалыңдық ақ көйлекпен, ал күйеу жігіт салтанатты костюммен отырған көлік жүк көлігімен соқтығысқан., деп хабарлайды buginmedia.kz Associated Press-ке сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 2019 жылғы 23 тамызда Оранж қаласында болған. 

19 жастағы Харли Морган мен 20 жастағы Рианнон Будро бала кезінен бірге өскен ғашықтар болған. Олар сол күні некелерін заңды түрде тіркеп, отбасылық өмірге қадам басқан еді.

Алайда жас жұбайлардың қуанышы ұзаққа созылмады. Неке қию рәсімінен кейін күйеу жігіт көлікті жүргізіп, ғимараттың ауласынан бес жолақты тасжолға шықпақ болған. Сол сәтте тіркемесіне ауыр трактор тиелген жүк көлігі олардың автомобилін соғып кеткен.

Соққының қатты болғаны сонша, куәгерлердің айтуынша, жеңіл көлік бірнеше рет аударылып, жол жиегіндегі арыққа барып тоқтаған.

Жас жұбайлар оқиға орнында көз жұмды. Олардың қайтыс болғанын бірнеше минут бұрын ғана некесін қиған судья растаған.

«Бар болғаны бес минут өтті. "Қалыңдықты сүйе беруге болады" деген сәттен кейін осындай жағдай болды», – деді полиция капитаны Кит Лонглуа.

Жас жұбайлардың туыстары да олардың артынан келе жатқан. Отбасы тойдан кейінгі мерекелік кешке бірге баруды жоспарлаған.

Күйеу жігіттің анасы ЛаШона Морган Beaumont Enterprise басылымына берген сұхбатында екі баласының көз алдында қаза тапқанын айтып, қайғысын жеткізген.

Полиция мәліметінше, жүк көлігінің жүргізушісі тергеумен ынтымақтасқан. Алдын ала деректер бойынша, оның әрекетінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілері байқалмаған.