Әлемде

Танымал актриса есірткі саудасына қатысы бар деген күдікпен ұсталды

Түркияның Ыстанбұл қаласында шоу-бизнес өкілдеріне қатысты жүргізіліп жатқан тергеу барысында 23 адам ұсталды. Барлығы 35 күдікті анықталған. Олардың арасында танымал актерлер мен әншілер де бар, деп хабарлайды buginmedia.kz Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Ұсталғандардың қатарында «Ғаламат ғасыр» телехикаясында Шах Сұлтанның бейнесін сомдаған Дениз Чакыр, әнші әрі актер Өзжан Дениз және актриса Буржу Өзберк бар.

Ыстанбұл қаласының Бас прокуратурасы аталған іске байланысты жезөкшелікпен айналысу, есірткі және психотроптық заттарды сату, тасымалдау, сақтау және тұтыну деректері бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Тергеу материалдарына сәйкес, күдіктілерді ұстауға олардың өз жауаптары, куәгерлердің, оның ішінде құпия куәгерлердің көрсетулері негіз болған. Сонымен қатар күдіктілерден тәркіленген телефондар мен басқа да цифрлық құрылғыларға жасалған сараптама нәтижелері пайдаланылған.

Прокуратура қылмыстық істің бірнеше бағыт бойынша тергеліп жатқанын және тергеу амалдары жалғасатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Түркияда ФЕТО ұйымына қатысты тергеу кезінде «Көкжалдар мекені» телехикаясы да құқық қорғау органдарының назарына іліккен еді.