Блогер Ырысбала Икрамбай інісінің үйлену тойында қонақтарға уыстап ақша шашты
Танымал блогер Ырысбала Икрамбай інісінің үйлену тойында қонақтарға уыстап ақша шашты. Беташар рәсімінде түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап, жұрттың қызу талқысына түсті, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Блогер бауырының қуанышына орай Түркістан облысының Шардара ауданында дүркіретіп той өткізген. Мерекелік кешке танымал әншілер мен өнер өкілдері де шақырылған. Жаңа түскен келіннің бетін айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов ашқан.
Алайда әлеуметтік желі қолданушыларының назарын тойдың сән-салтанатынан гөрі блогердің ақша шашқан сәті аударды.
Желіде тараған видеоға қатысты пікір екіге бөлінді. Бірі мұны ысырапшылдық пен мақтаншылыққа балап, сынға алса, енді бірі бауырының қуанышында шашу шашқанын қолдады.
«Тойынған екен», «Ысырапшылдық қой мынау», «Мақтану ма мақсаты?», «Нағыз құтырғандық», «Мына кісіні тексеретін заң жоқ па?» деп жазды желі қолданушылары.
Ал блогерді жақтағандар оның інісіне той жасап, қуанышына ортақтасуын құптап, ақшаны өз қалауынша жұмсауға құқылы екенін айтқан.
Айта кетейік, тойда нақты қанша ақша шашылғаны әзірге белгісіз.