Бибігүл Жексенбай Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы болып сайланды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамын жаңартты. Комиссия төрағасы қызметіне «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті Аида Балаева атқарған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа 2026 жылғы 24 қарашада қол қойды. Құжат Ақорда сайтында жарияланды.
Бибігүл Жексенбай комиссия төрағасы ретінде Аида Балаеваның орнына келді. Балаева бұл қызметті 2022 жылдың мамырынан бастап атқарған. Ал 2026 жылдың тамыз айының соңында Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалған.
Жаңа құрамда комиссия төрағасының орынбасарлары да өзгерді. Енді бұл қызметті Құрылтай депутаты, Қазақстандағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева мен кәсіпкер, Астана қаласы әкімінің гендерлік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Назгүл Мақжанова атқарады.
Комиссия хатшысы болып гендерлік және отбасылық саясат саласындағы сарапшы Гаухар Нұрахметова бекітілді.
Комиссия құрамына кімдер енді?
Жаңартылған құрамға депутаттар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, журналистер, дәрігерлер, психологтер, ғалымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
Олардың қатарында Құрылтай депутаты Зүлфия Байсақова, «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығының төрағасы Ләззат Қалтаева, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Светлана Айтбаева бар.
Сондай-ақ комиссия құрамына «Назарбаев Университеті» вице-президенті Гүлмира Қанай, журналист әрі тележүргізуші Айгүл Мүкей, «А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының» директоры Анар Фазылжан және «Қазақстандық қоғамдық даму институтының» басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова енді.
Бұдан бөлек, құрамда психиатр Николай Негай, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев, психолог әрі медиатор Татьяна Савицкая, «Ұлттық волонтерлік желі» атқарушы директоры Татьяна Миронюк және «TechnoWomen Non-profit Organisation» ұйымының басқарма төрағасы Азиза Шөжеева бар.
Жарлыққа сәйкес, комиссияның жаңартылған құрамы қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.