Әлеумет

2027 жылы Қазақстанда декреттік төлем 3,6 млн теңгеге дейін өседі

Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлем алуға құқылы. 2026 жылы декреттік төлемді есептеу кезінде ескерілетін айлық табыстың ең жоғары мөлшері 595 мың теңгеден аспауы керек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін қаражат әйелдің декреттік демалысқа шыққанға дейінгі соңғы 12 айдағы ресми табысына қарай есептеледі. Бұл ретте әлеуметтік аударымдар жасалған табыс қана ескеріледі.

Декреттік төлемді кімдер ала алады?

Әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын және өздері үшін әлеуметтік аударымдар төленген әйелдерге беріледі. Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын азаматтар аударымдарды өздері төлейді.

Төлем алу үшін жүктіліктің 30-аптасынан бастап берілетін еңбекке уақытша жарамсыздық парағы қажет. Өтінішті осы құжат берілген күннен бастап 12 ай ішінде тапсыру керек.

Декреттік төлем қалай есептеледі?

Төлем мөлшері әйелдің соңғы 12 айдағы орташа айлық табысы мен декреттік демалыстың ұзақтығына байланысты анықталады.

2026 жылы есепке алынатын айлық табыстың шекті мөлшері 595 мың теңге немесе жеті ең төменгі жалақы мөлшеріне тең.

2027 жылы төлемнің ең жоғары мөлшері босану жағдайына қарай өзгереді:

Қалыпты босану кезінде (126 күн) – 3,23 млн теңге. Қазір бұл сома шамамен 2,5 млн теңге.

Босану асқынған немесе егіз және одан көп бала туған жағдайда (140 күн) – 3,6 млн теңге. Қазір ең жоғары төлем 2,78 млн теңге.

Бұл сомалардан міндетті зейнетақы жарнасы ретінде 10 пайыз ұсталады. Сондықтан әйелдердің қолына қалыпты босану кезінде 2,91 млн теңгеге дейін, ал асқынған босану кезінде 3,24 млн теңгеге дейін қаражат тиеді.

Егер босанғаннан кейін асқынулар болып, қосымша 14 күнге еңбекке жарамсыздық парағы берілсе, әлеуметтік төлем қайта есептеледі.

Жұмыс беруші қосымша ақша төлей ала ма?

Әйелдің нақты жалақысы әлеуметтік төлемді есептеу кезінде белгіленген шекті мөлшерден жоғары болса, айырмасын жұмыс беруші өтеуге құқылы.

Еңбек немесе ұжымдық шартта қызметкерге орташа жалақысының толық мөлшеріне дейін қосымша төлем жасау тәртібі қарастырылуы мүмкін.

2027 жылы ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуіне байланысты декреттік төлемді есептеу кезінде ескерілетін табыстың шекті мөлшері 770 мың теңгеге дейін ұлғаяды.

Өтінішті қалай беруге болады?

Декреттік төлемді рәсімдеу үшін табыс туралы анықтамалар жинаудың қажеті жоқ. Еңбек өтілі мен әлеуметтік аударымдар жөніндегі мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынады.

Электрондық еңбекке жарамсыздық парағы рәсімделгеннен кейін жүйе әйелдің төлем алуға құқығын тексереді. Одан кейін болашақ анаға SMS-хабарлама жіберіледі.

Өтінішті eGov.kz порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы немесе ХҚКО-ға барып беруге болады.

Министрліктің мәліметінше, биылғы жылдың алғашқы 10 айында жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемді 130,1 мың отбасы алған. Оларға жалпы 144,6 млрд теңге төленген.

Ал бала туғаннан кейін анаға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайынғы әлеуметтік төлем де қарастырылған.