Әлемде

Бұрынғы әйелі күйеуінің екінші рет үйлену тойында қастандық жасап, 43 адам қаза тапты

Кувейтте үйлену тойы кезінде болған алапат өрттен 43 адам қаза тауып, тағы 90-ға жуық адам жарақат алды. Қайғылы оқиғаға күйеу жігіттің бұрынғы әйелі себеп болғаны анықталды. Ол той өтіп жатқан шатырды әдейі өртегенін мойындаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиға 2009 жылы 15 тамызда Кувейттің әл-Жахра қаласында болған. Сол күні күйеу жігіттің екінші некесіне арналған мерекелік шара өтіп жатқан. Әйелдер мен балаларға арналған арнайы шатырда қонақтар жиналып, той қызып жатқан еді.

Алайда қуанышқа толы кеш әп-сәтте қайғылы жағдайға ұласты. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күйеу жігіттің бұрынғы әйелі шатырдың айналасына бензин құйып, от қойған. Өрт жалынға оранып, адамдар сыртқа шығуға тырысқанымен, көпшілігі құтылып үлгермеді.

Al Jazeera басылымының хабарлауынша, өрттен 43 әйел мен бала көз жұмған. Қаза тапқандардың арасында кемінде жеті бала болған. Күйеу жігіттің жаңа қалыңдығы аман қалғанымен, оның анасы мен әпкесі қайтыс болған.

Жараланғандардың арасында жағдайы өте ауыр адамдар да болды. Кейбірінің денесін қатты күйік шалған. Құтқарушылар оқиға орнына жеткенімен, жиналған адамдардың көптігі зардап шеккендерді эвакуациялауды қиындатқан.

Оқиғадан кейін Кувейт билігі арнайы тергеу комиссиясын құрды. Бірқатар депутат той шатырларындағы қауіпсіздік талаптарының сақталмауын сынға алып, жауапты органдардан түсініктеме талап етті.

Бұл оқиға Парсы шығанағы елдерінің қазіргі тарихындағы бейбіт тұрғындар арасында болған ең ауыр апаттардың бірі ретінде тіркелді.