12 жылға сотталған экс-әкім Кәрім Көкірекбаев түрмеден мерзімінен бұрын босатылды
Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев денсаулығына байланысты түрмеден мерзімінен бұрын босатылды. Бұл ақпаратты Алматы облыстық соты растады. Оқиға туралы журналист Михаил Козачков Telegram арнасында жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Алматы облысының Алатау қалалық соты Кәрім Көкірекбаевты ауыр науқасына байланысты жазасын өтеуден босату туралы шешім шығарған. 2026 жылғы 17 қарашадағы сот қаулысымен №57 мекеме әкімшілігінің сотталған Кәрім Көкірекбаевты Қылмыстық кодекстің 75-бабы негізінде ауыр науқасына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы ұсынысы қанағаттандырылған. Алайда сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.
Прокуратура сот шешімімен келіспей, оның күшін жою туралы жеке өтінішхат енгізген. Осылайша, сот қаулысының түпкілікті тағдыры әзірге белгісіз.
Айта кетейік, экс-әкім 12 жылға бас бостандығынан айырылғанымен, жазасының төрт жылға жуық мерзімін ғана өтеген.
Кәрім Көкірекбаев не үшін сотталды?
Кәрім Көкірекбаев 2022 жылдың желтоқсанында «Bazis Construction INFR» компаниясының басшысы Андрей Поплавскийден пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл іс бойынша оның бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев та айыпталды.
Тергеу материалдарына сәйкес, мердігер компания өкілдері Қорғас өзеніндегі қорғаныс нысандарының құрылысына қатысты орындалмаған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қою үшін Көкірекбаевқа 396 миллион теңге берген. Ал мемлекетке келтірілген шығын 1,987 миллиард теңге деп бағаланған.
2024 жылдың маусымында алқабилер соты Көкірекбаевты ақтаған. Алайда апелляциялық сот бұл үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді.
2025 жылдың шілдесінде сот оны кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Оның бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер компания өкілі Андрей Поплавский 11 жылға сотталды. Үшеуіне де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.
Кәрім Көкірекбаев 2013–2018 жылдары Жамбыл облысының әкімі болған. Әр жылдары «Қазақстан темір жолы» компаниясында басшылық қызметтер атқарып, Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі қызметін де атқарды. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мекемесін басқарған.