Той үстінде кенеттен қайғылы жағдай болып, 131 адам қаза тапты
Йеменде үйлену тойы кезінде болған әуе шабуылы салдарынан 131 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды. Қаза тапқандардың арасында әйелдер көп болған. Қайғылы оқиға елдің Таиз провинциясында болған, деп хабарлайды buginmedia.kz Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға 2015 жылғы 28 қыркүйекте әл-Уахга ауылында болған. Сол күні жергілікті тұрғындар үйлену тойына жиналған. Алайда мерекелік шараның соңы қайғылы жағдайға ұласқан. Сауд Арабиясы бастаған коалицияның әуе күштері той өтіп жатқан аумаққа соққы жасаған.
Йемендік медициналық қызметкерлердің мәліметінше, шабуылдан 131 адам көз жұмған. Олардың кемінде 80-і әйел болған. Шекарасыз дәрігерлер ұйымының өкілі Хасан Бусенин бұл оқиғаны елдегі соғыс басталғалы бергі ең көп адам қаза тапқан жекелеген шабуылдардың бірі деп атаған.
Шабуылдан кейін зардап шеккендерді ауруханаға жеткізу де қиынға соққан. Өйткені жақын маңдағы Моха қаласындағы аурухана дәрі-дәрмек, жанармай мен электр қуатының тапшылығына байланысты жұмыс істемеген. Сондықтан жараланған адамдарды солтүстіктегі Ходейда провинциясына тасымалдауға тура келген. Жол үстінде олардың бірқатары көз жұмған.
Йемендік қауіпсіздік қызметкерлері әуе шабуылының қателікпен жасалған болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Олардың айтуынша, оқиға болған аумақта ірі әскери нысандар болмаған.
БҰҰ-ның сол кездегі бас хатшысы Пан Ги Мун шабуылды айыптап, мәлімдемесінде қаза тапқандар саны 135 адамға жетуі мүмкін екенін айтқан. Ол Йемендегі қақтығысқа қатысушы барлық тарапты әскери әрекеттерді тоқтатуға шақырған.
Ал Сауд Арабиясы бастаған коалиция өкілдері оқиғаға қатысты бірден түсініктеме бермеген.