"Үш перзентімізден айырылдық": Алғаш әке атанған Сәкен Бибосынов көз жасына ерік берді
Бокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов алғаш рет әке атанды. Спортшы көптен күткен ұлының дүниеге келгеніне қатты толқып, көз жасына ерік берді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Боксшының айтуынша, әйелі бұған дейін үш рет жүкті болғанымен, сәбилерін аман-есен бауырына басу бұйырмаған. Бұл жолы нәресте аман-есен дүниеге келіп, жас отбасыға зор қуаныш сыйлады.
Сәкен Бибосынов басынан өткен ауыр кезеңдерді Instagram парақшасында бөлісті.
«Бұл қуанышқа жеткенше тағдырдың талай сынағынан өттік. Үш перзентімізден айырылдық… Үшеуінің де орны жүрегімізде мәңгі сақталады. Ата-ана үшін баласынан айырылудан ауыр қайғы жоқ шығар… Біз де үнсіз жыладық, іштей күйзелдік. Бірақ Алладан үмітімізді үзбедік. Дұға еттік, күттік, сендік. Сабыр сақтап, Жаратқаннан медет сұрадық. Бүгін сол дұғаларымыздың біріне жауап келгендей…», – деп жазды боксшы.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасынан кейін Сәкен Бибосынов бірнеше рет жарақат алып, бірқатар ірі жарысқа қатыса алмады. Жуырда спортшы омыртқасынан ауыр жарақат алып, ем қабылдауға мәжбүр болған еді.