Той үстінде қайғылы оқиға болып, 24 адам қаза тапты
2001 жылғы 24 мамырда Израильдің Иерусалим қаласындағы Versailles мейрамханасында үйлену тойы кезінде алапат қайғылы оқиға болды. Қонақтар би билеп жатқанда, залдың едені кенеттен опырылып, жүздеген адам бірнеше қабат төменге құлаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, апат салдарынан кемінде 24 адам қаза тауып, 300-ден астамы жарақат алған. Бұл Израиль тарихындағы ең ауыр ғимарат опырылу оқиғасы болды.
Қайғылы жағдай үйлену тойының қызған шағында болған. Жас жұбайлар Асси мен Керен Сорр жаңа ғана некелерін қиып, шамамен 600 қонақпен бірге мерекені жалғастырып жатқан. Күйеу жігіт дәстүр бойынша аяғымен стақанды сындырғаннан кейін қонақтар би алаңына жиналған.
Алайда қуанышқа толы сәт кенеттен үрейге ұласқан. Бейнежазбада би билеп, қол соғып тұрған адамдардың астындағы еденнің біртіндеп майысып, кейін опырылып түскені көрінеді. Қонақтар бетон үйінділері мен шаңның арасына құлап, айналада айқай-шу басталған.
Оқиға сол жерде болған бейнеоператор Дэвид Амроминнің камерасына түсіп қалған. Жазбада апаттан бірнеше секунд бұрын әкесінің қолында отырған кішкентай қыз да көрінеді. Ол аман қалғанымен, беті жарақаттанып, денесі көгерген.
Апаттан жас жұбайлардың өздері де зардап шеккен. Күйеу жігіт жеңіл жарақат алып, ауруханадан шығарылған. Ал қалыңдық жамбасынан және кеуде тұсынан жарақаттанып, ота жасатқан.
Қайғылы оқиғадан кейін полиция екі мердігерді, инженер мен дизайнерді қамауға алған. Алғашқы тексеру барысында құрылыс кезіндегі немқұрайлылық пен оқиғаның ізін жасыру әрекеті болуы мүмкін деген күдік туындаған. Ғимарат иелері де жауап алынған.
Осылайша, жас жұбайлардың өміріндегі ең бақытты күндердің бірі жүздеген отбасы үшін орны толмас қайғыға айналды.