Словакияда төрт қазақстандық ұсталды
Словакияның Тренчин қаласында Қазақстанның төрт азаматы ұсталды. Жергілікті БАҚ олардың бір тұрғынды іздеп барып, күш қолданғанын хабарлады. Алайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтардың нақты не үшін ұсталғанын әзірге жариялаған жоқ, деп хабарлайды buginmedia.kz.
TN Live телеарнасының мәліметінше, бес жас жігіт жергілікті тұрғынның үйіне барып, өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Олар үйді тінтіп, кейін іздеген ер адамды тауып, соққыға жыққан деген ақпарат бар.
Алдын ала болжам бойынша, жігіттер тұрғыннан ақша талап етпек болған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі төрт азаматтың ұсталғанын растады. Ведомство өкілдері олардың туыстарымен байланыс орнатылғанын және консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
«Азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр, олардың туыстарымен байланыс орнатылды. Жағдай министрліктің бақылауында», – деп хабарлады СІМ.
Оқиғаның өзге мән-жайы мен қазақстандықтарға қандай айып тағылғаны әзірге белгісіз.