Үш ай бойы хабарсыз кеткен қайық табылды: ішінде екі бала болған
Тынық мұхитында үш айға жуық уақыт бойы хабарсыз кеткен қайықтан бес адам аман табылды. Олардың арасында екі бала бар. Бұл туралы Associated Press агенттігі жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға Микронезия Федеративтік Штаттарында болған. 2026 жылғы 30 шілдеде тоғыз адам мінген шағын қайық Ро аралынан жолға шығып, белгіленген уақытта кері оралмаған. Олар Мурило мен Ро аралдарының арасында шамамен бір сағаттық жол жүруді жоспарлаған. Алайда сапар кезінде қайық дауылға тап болып, ашық мұхитқа қарай ағып кеткен.
Қайықтағы адамдарды іздеу үшін құтқарушылар он күн бойы операция жүргізген. Осы уақытта шамамен 85,7 мың шаршы шақырым аумақ тексерілгенімен, ешқандай із табылмаған. Кейін іздеу жұмыстары тоқтатылған.
Арада үш айға жуық уақыт өткенде, 31 қазанда Кирибати мемлекетіне қарасты Фаннинг аралының тұрғындары бес адамды байқап, көмекке келген. Олардың екеуі – бала.
Құтқарылған адамдардың жағдайы ауыр болған. Олар қатты сусызданып, аштықтан әлсіреген. Дәрігерлер оларға көктамыр арқылы сұйықтық беріп, медициналық көмек көрсеткен. Қазір аман қалған бес адамның жағдайы біртіндеп жақсарып келеді.
Қайықта болған қалған төрт адамның тағдыры әзірге белгісіз. Микронезияның Чуук штатының губернаторы Александр Наррунн олардың елге оралуын ұйымдастыру үшін Кирибати билігімен келіссөз жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, қайықтағы адамдардың ашық мұхитта үш айға жуық қалай аман қалғаны туралы толық мәлімет әзірге жарияланған жоқ. Құтқарылғандар жеке өміріне құрметпен қарауды сұрап, оқиға туралы көпшілік алдында пікір білдірмеген.