Дина Төреәлі «Хабар» телеарнасындағы жаңа жобадан шеттетілді ме? Агенттік жауап берді
Әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы Дина Төреәлі әлеуметтік желіде өзіне қатысты айтылған сыннан кейін де «Хабар» телеарнасындағы жаңа жобаға қатысады. Бұл туралы «Хабар» агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Агенттік мәліметінше, Дина Төреәлі «Ой тұмар» бағдарламасының негізгі спикерлерінің бірі ретінде қарастырылған. Ол Лаура Лесбек пен Риза Даниярмен бірге бағдарламаға аптасына бір рет қатысады.
Ал жобаны Жайна Сламбек, Мөлдір Досбай, Ләйлә Сұлтанқызы және Ақмоншақ Нұртаза жүргізеді.
«Ой тұмар» бағдарламасы әртүрлі буын өкілдерінің пікірін жеткізуге арналған. Жобаға жасөспірімдерден бастап аға буын өкілдеріне дейін қонақ ретінде шақырылады. Осылайша, бағдарламада қоғамның әртүрлі көзқарасына орын берілмек.
Айта кетейік, бұған дейін Дина Төреәлінің «Хабар» телеарнасынан жүргізушілікке ұсыныс алғаны әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Желі қолданушылары журналистика саласында арнайы білім алған мамандар жұмыс таба алмай жүргенде, танымал блогердің телеарнаға шақырылуын сынға алды.
Осыдан кейін Дина Төреәлі жоғары білімі туралы пікір білдіріп, дипломы болмаса да, жеке кәсібі мен табысы бар екенін айтқан.
«Дипломым жоқ – бизнесім бар. Дипломым жоқ – табысым бар. Көзім ашық, көкірегім ояу, шүкір! Күнделікті даму үстіндемін», – деп жазған болатын.
Бұл сөзіне бірқатар оқырман қарсы пікір білдірген.