Шымкентте 100 мың теңге пара алған екі шенеунік сотталды
Шымкентте өрт қауіпсіздігін тексеру кезінде 100 мың теңге параға келіскен екі мемлекеттік қызметкерге сот үкімі шықты. Бір қызығы, олардың бірі пара алғаны туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне өзі хабарлаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сот материалдарына сәйкес, Тұран ауданының төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Азамат Булдырықов тексеру барысында өрт қауіпсіздігіне қатысты 23 заңбұзушылықты анықтаған. Алайда тексеру актісіне оның 16-сын ғана енгізген.
Осыдан кейін Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаев оған қызметтік кабинетінде 100 мың теңге берген.
Бірнеше күннен кейін Азамат Булдырықов Шымкент қаласы бойынша ҰҚК департаментіне пара алғаны туралы арызданған.
Сотта екі шенеунік те кінәсін толық мойындап, өкінетінін жеткізген. Олар бас бостандығынан айырудың орнына айыппұл тағайындауды сұраған. Руслан Тұңғышбаев алты баланы, оның ішінде үшеуі кәмелетке толмаған баланы асырап отырғанын айтса, Азамат Бұлдырықовтың қарауында төрт кішкентай баласы мен зейнет жасындағы ата-анасы бар екенін мәлімдеген.
Сот қандай жаза тағайындады?
Сот үкім шығарғанда айыпталушылардың кінәсін мойындауын, бұрын сотталмағанын және отбасылық жағдайын ескерген. Ал төтенше жағдайлар басқармасының мамарына кәсіби антына қайшы әрекет жасағаны ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылған.
Азамат Бұлдырықовқа 2,5 миллион теңге айыппұл салынып, белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Сонымен қатар ол азаматтық қорғау майоры деген арнаулы атағынан айырылды.
Руслан Тұңғышбаевқа 1,5 миллион теңге айыппұл тағайындалған. Алайда қамауда және үйқамақта болған уақыты ескеріліп, айыппұл мөлшері 1 197 250 теңгеге дейін азайтылды. Оған да белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Бұдан бөлек, сот Булдырықовтан 86 500 теңге, Тұңғышбаевтан 64 875 теңге өтемақы өндіруді міндеттеген. Ал пара ретінде берілген 100 мың теңге мемлекет кірісіне тәркіленді.