"Саны емес, сапалы дамығаны керек": Тоқаев ауыл шаруашылығы бағдарламаларын сынға алды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне талдау жүргізуді тапсырды. Оның айтуынша, қазір аграрлық секторда атауы әртүрлі болғанымен, мақсаты ұқсас бағдарламалар тым көбейіп кеткен. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Президенттің сөзінше, соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және басқа да бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Алайда олардың нақты нәтижесі мен тиімділігіне баға беру қажет.
«Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек. Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұған дейін ауылдарды дамытуға қатысты жақсы көрсеткіштер жиі айтылғанымен, олардың шынайы нәтижесі әрдайым тексеріле бермегенін атап өтті. Сондықтан енді бөлінген қаражат пен іске асырылған жобалардың тиімділігін нақты бағалау қажет екенін айтты.
Президент келтірген мәліметке сәйкес, былтыр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылған. Олардың жалпы құны 173 миллиард теңгені құраған. Сонымен қатар 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылған.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 22 мың жұмыс орны ашылған
Тоқаев ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасына осы уақытқа дейін 150 миллиард теңге бөлінген. Соның нәтижесінде ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Дегенмен Президент бұл жұмыс орындарының қаншасы әлі күнге дейін сақталғанын анықтау қажеттігін айтты.
«Бірақ басты мәселе – сол 22 мың жұмыс орны қазіргі таңда сақталды ма? Қалай десек те, осы жобаның аясын әлі де кеңейте түсу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлеріне цифрлық сауда алаңдары, банктер және логистикалық компаниялардың қызметтері қолжетімді болуы керектігін айтты. Өндірілген өнімді тұтынушыға жеткізу үшін нақты келісімшарттар жасалып, шағын шаруашылықтар шоғырланған аудандарда өнім қабылдайтын және сақтайтын орталықтар ашылуға тиіс.
Ауыл шаруашылығына жасанды интеллект енгізу қажет
Президент аграрлық секторды цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігін де атап өтті.
Мысал ретінде Солтүстік Қазақстан облысындағы «Ақселеу» шаруашылығын атады. Бұл кәсіпорында өндірісті цифрлық басқару және жер серігі арқылы бақылау жүйелері енгізілген. Есепке алу жұмыстары да автоматтандырылған.
Бұдан бөлек, шаруашылық ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға атсалысып келеді. Тұрғындар орталықтандырылған жылу жүйесімен және таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Кәсіпорын мектепке, спорт кешеніне және басқа да әлеуметтік нысандарға қолдау көрсетеді.
Тоқаевтың пікірінше, цифрлық технологияларды енгізу ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі мен бәсекеге қабілетін арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын да жақсартады.
«Халықтық құрылыс» жобасы ауылдарды дамытуға серпін бермек
Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» жобасы аясында ауыл-аймақтарға, шаруалар мен агроөнеркәсіп кешендеріне қажетті инфрақұрылым салынатынын айтты.
Оның сөзінше, жоба аясында әлеуметтік нысандар, жолдар, инженерлік желілер салынып, өндіріс орындары мен отандық кәсіпкерлердің қатысуына мүмкіндік беріледі. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың табысы мен тұрмыс сапасы артуға тиіс.
Президент бұл бастаманы елдің болашағы мен келешек ұрпақтың игілігі үшін қолға алынған жалпыұлттық міндет деп атады.