Әлеумет

ҚазҰУ студенті өзіне жарақат салмақ болған: полиция тергеуді бастады

Әлеуметтік желіде Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті өзіне жарақат салмақ болды деген ақпарат тарады. Қала полициясы бұл деректі растағанымен, оқиғаның нақты қай оқу орнында болғанын жарияламады., деп хабарлайды buginmedia.kz.

Полицияның мәліметінше, оқиға Алматыдағы университеттердің бірінде болған.

«Осы оқиғадан кейін полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз өзіне жеңіл жарақат келтірген. Оған медициналық көмек көрсетілді», – деп хабарлады полиция.

Әзірге оқу орны оқиғаға қатысты пікір білдірген жоқ.

ҚазҰУ-дағы екі студенттің өлімі

Бұл жағдай ҚазҰУ студенттерінің өліміне қатысты соңғы оқиғаларды еске түсірді.

Бұған дейін университеттің география және табиғатты пайдалану факультетінде оқитын бірінші курс студенті жатақханада қайтыс болған еді. Марқұмның туыстарының айтуынша, қайғылы оқиға түнгі сағат 12 шамасында болған.

Марқұмның әпкесі Ұлдананың сөзінше, екінші курста оқитын сегіз студент бірінші курстағы екі жігітті бөлмелеріне шақырған. Сол жерде оларды ұрып-соққан.

«2-курста оқитын сегіз жігіт 1-курста оқитын екі баланы бөлмелеріне шақырған. Мұны бауырымның жанында болған жігіт айтып берді. «Не үшін ұрды?» деп сұрасақ, «Бізге ұнамай жүрсіңдер» деген. Жүрек тұсынан, ішінен ұрған. Жүрек тұсынан ұрған кезде бірден талып қалған. Екінші бала да таяқ жеген. Оған менің бауырымның аяғын бір сағат көтеріп тұр деп тапсырған. Оқиға сағат 12-де болыпты. Олар қорыққаннан бір сағат бойы жедел жәрдем шақырмаған. Сағат бір жарымда бір-ақ шақырған», – дейді марқұмның әпкесі.

Студенттің қайтыс болғаны сағат 03:45-те тіркелген. Оқиғаға байланысты сегіз студенттің біреуі ғана қамауға алынған.

Ал 6 қараша күні кешке ҚазҰУ студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті де қайтыс болған.