Аймақ

Қарағанды облысында үш балықшы мұз астына түсіп қаза тапты

Қарағанды облысында үш балықшы – екі ер адам мен бір әйел жұқа мұздың опырылуы салдарынан суға батып кетті. Құтқарушылар олардың денесін түнгі іздеу жұмыстары кезінде тапты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қарағанды облысында үш балықшы – екі ер адам мен бір әйел жұқа мұздың опырылуы салдарынан суға батып кетті. Құтқарушылар олардың денесін түнгі іздеу жұмыстары кезінде тапты.

Оқиға Есен өзенінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, балықшылардың салмағын көтере алмаған жұқа мұз ойылып, үшеуі де суға түсіп кеткен.

Құтқару операциясы түнде басталған. Іздеу жұмыстарына сүңгуірлер, кинологтар жұмылдырылып, дрон мен жылу көрсететін дүрбі пайдаланылған. Шамамен бір жарым сағаттан кейін құтқарушылар марқұмдардың денесін тапты. Олар 2,5 метр тереңдікте, жағадан 10 метр қашықтықта жатқан.

Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, құтқару жұмыстарына төрт қызметкер, алты құтқарушы, бір кинологиялық топ және төрт техника жұмылдырылған.

Облыстық ТЖД басқармасының бастығы Нұржан Жақатаев мұз енді қатқан кезде су айдындарына шығу аса қауіпті екенін ескертті.

Мамандардың айтуынша, жағадан бірнеше метр қашықтықтағы мұздың өзі адам салмағын көтермеуі мүмкін.