Маңғыстау облысында 11 баланың анасы TikTok-тағы видеосы үшін сотталды
Маңғыстау облысында билікті сынаған 11 баланың анасы сотталды, деп хабарлайды buginmedia.kz “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Жаңаөзендік Жадыра Досекеева Қылмыстық кодекстің "телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, әлеуметтік алауыздықты қоздыру" бабы бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл шартты жазаға кесілді. Сондай-ақ белсенді қоғамдық жұмыстарға тартылатын болады. Және тұрғынға үш жыл бойы әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынды.
Сот жаңаөзендік тұрғынның биыл сәуірде TikTok әлеуметтік желісінде жариялаған бейнежазбасын" әлеуметтік және ұлттық алауыздықты қоздыруды негіздейді" деп бағалаған. Белсендіге қатысты қылмыстық іс биыл маусымда қозғалған болатын. Сот барысында прокурор оның бас бостандығын 4 жылға шектеу жазасын тағайындауды сұраған. Ал сот айыпталушының кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, үш жыл шартты жаза кескен. Сондай-ақ белсенді жазаны өтеу кезінде жыл сайын 100 сағатқа мәжбүрлі еңбекке тартылады.
"Сотталушы Жадыра Досекеева өзінің кінәсін мойындамай, соттан ақтау үкімін шығаруды сұрады. Жадыра Досекееваның кінәсі куәлердің жауаптарымен, психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысымен, істің басқа да құжаттарымен дәлелденді. Сот Жадыра Досекееваға жаза тағайындау барысында асырауында кішкентай балаларының болуын қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады”, – делінген хабарламада.