Қалыңдығымен билеп жүрген күйеу жігіт той үстінде кенеттен көз жұмды
Мысырда үйлену тойы қайғылы жағдаймен аяқталды. Қалыңдығымен бірге би билеп жүрген жас жігіт кенеттен құлап, қонақтардың көз алдында көз жұмды. Дәрігерлер оның жүрегі кенеттен тоқтап қалғанын анықтаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 2025 жылғы 25 қыркүйекте Мысырдың оңтүстігіндегі Асуан провинциясында болған. 28 жастағы Ашраф Әбу Хакам сол күні үйлену тойын атап өтіп жатқан.
Күйеу жігіт қалыңдығының қолынан ұстап, дәстүрлі саиди биін билеген. Қолына би кезінде қолданылатын таяқ ұстап, қонақтармен бірге қуанып жүрген. Алайда аяқ астынан жерге құлап түскен.
Мұны көрген қонақтар бірден оған көмек көрсетуге асыққан. Олар жігітті есін жиғызуға тырысқанымен, әрекеттері нәтиже бермеген. Кейін дәрігерлер оның жүрегі кенеттен тоқтап, қайтыс болғанын растаған.
Оқиға болған сәтте тойда музыка ойнап, қонақтар жас жұбайларды құттықтап жатқан. Бірнеше минуттың ішінде мерекелік көңіл күйдің орнына қайғы мен үрей орнаған.
Марқұмның достары оның үнемі күліп жүретін, өмірге құштар жігіт болғанын айтқан. Олардың сөзінше, Ашрафтың үйлену тойына дейін бір күн бұрын ғана құда түсу қуанышы атап өтілген. Ешкім оның өміріндегі ең бақытты күндердің бірі осылай аяқталады деп ойламаған.
Қайғылы оқиға туралы хабар әлеуметтік желіде тез тарады. Көпшілік марқұмның отбасына және жас келінге көңіл айтты.