300 жыл бұрын суға кеткен кемеден құны 20 млрд долларға дейін жететін қазына табылды
Колумбия жағалауында шамамен 300 жыл бұрын суға батқан испан кемесі «Сан-Хосеге» қатысты жаңа зерттеу нәтижелері жарияланды. Ғалымдар теңіз түбінен табылған тиындарды зерттеп, кеменің кімге тиесілі болғанын және оның қашан апатқа ұшырағанын нақтылай түсті. Кемеде жатқан алтын мен күмістің қазіргі құны 20 млрд долларға дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Сан-Хосе» галеоны 1708 жылы Ұлыбритания кемелерімен болған шайқас кезінде суға кеткен. Ол кезде испан кемесі Оңтүстік Америкадағы кен орындарынан өндірілген алтын мен күмісті Еуропаға тасымалдап бара жатқан.
Зерттеушілердің мәліметінше, кеменің қалдықтары Картахена қаласының маңында, Кариб теңізінің шамамен 600 метр тереңдігінде жатыр.
Теңіз түбінен табылған тиындар нені көрсетті?
Колумбия билігі 2024 жылы кеменің апатқа ұшыраған жерінде зерттеу экспедициясын ұйымдастырған. Мамандар суасты роботын пайдаланып, кеменің қалдықтары мен айналасына шашылған заттарды зерттеген.
Зерттеу кезінде табылған тиындарға ерекше назар аударылды. Ғалымдар олардың 1707 жылы Лимада соғылғанын анықтаған. Бұл дерек кеменің 1707 жылдан кейін апатқа ұшырағанын көрсетеді. Ал тарихи мәліметтерге сүйенсек, «Сан-Хосе» 1708 жылы суға батқан.
Зерттеу нәтижелері 2025 жылғы маусымда Antiquity ғылыми журналында жарияланған.
Кемеде 600 адам болған, тек 14-і аман қалған
1708 жылдың маусымында испан кемелері Картахена портындағы қоршауды бұзып, Еуропаға жол тартқан. Алайда оларды ағылшын флоты ұстап алған.
Шайқас кезінде ағылшын кемелерінің бірі «Сан-Хосеге» оқ жаудырған. Снарядтардың бірі тигеннен кейін галеонда жарылыс болып, кеме бірнеше минут ішінде суға кеткен.
Кемеде шамамен 600 адам болған. Олардың тек 14-і ғана аман қалған. Қалғандары кемемен бірге теңіз түбіне кеткен.
20 млрд долларлық қазынаға бірнеше ел таласып отыр
Кеменің жүк қоймаларында болған алтын мен күмістің қазіргі құны әртүрлі бағаланады. Сарапшылар болжамы бойынша, қазынаның құны 4 млрд доллардан 20 млрд долларға дейін жетуі мүмкін.
Алайда оны кім иеленетіні әлі күнге дейін даулы мәселе. Испания кеменің өзіне және ондағы жүкке тарихи меншік құқығы бар екенін алға тартады. Перу мен Боливия да қазынаға қатысты талаптарын білдірген. Өйткені бағалы металдар осы аумақтардағы кен орындарынан өндірілген.
Сонымен қатар, америкалық Sea Search Armada компаниясы да қазынадан үлес талап етіп отыр. Компания өкілдері кемені 1981 жылы өздері тапқанын айтып, Колумбиядан 10 млрд доллар өтемақы талап еткен.
Осылайша, «Сан-Хосе» кемесінің нақты орналасқан жері мен тиындарының шығу тегі анықталғанымен, ғасырлар бойы теңіз түбінде жатқан байлықтың тағдыры әлі шешілген жоқ.