Әлеумет

Қазақстанда Өзбекстан профессоры тыңшылық жасады деген айыппен 10 жылға сотталды

Қазақстанда Өзбекстан азаматы, халықаралық қатынастар профессоры Икболжон Қарабаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған тыңшылық жасады деген айып тағылған. Бұл туралы ғалымның туыстары «Азаттық радиосына» хабарлаған, деп жазады buginmedia.kz.

Туыстарының айтуынша, 46 жастағы профессор Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы («Шпионаж») бойынша кінәлі деп танылған. Аталған бапта 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сот процесі жабық режимде өткен. Бұған іс материалдарында мемлекеттік құпияға жататын мәліметтердің болуы себеп болған. Ғалымның жақындары сот үкімі туралы ресми органдардан емес, өздерінің жеке дереккөздерінен естігенін айтады.

Олардың сөзінше, осы уақытқа дейін тергеу материалдарымен танысуға мүмкіндік болмаған. Сондай-ақ профессор қай мемлекеттің пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталғаны және сотта қандай дәлелдер ұсынылғаны белгісіз.

Ғалымның туыстары Қазақстан президентіне, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге және құқық қорғау ұйымдарына бірнеше рет өтініш жолдаған. Алайда олардың айтуынша, мемлекеттік органдардан нақты жауап ала алмаған.

ҰҚК басшылығы ауысқаннан кейін отбасы комитеттің жаңа басшысына, президентке және Бас прокурорға қайта өтініш жіберген.

Қазір профессордың туыстары сот үкіміне шағымдануға дайындалып жатыр. Олар тергеу және сот материалдарымен танысуды, ғалымды университеттегі бұрынғы қызметіне және еңбек құқықтарына қайта қалпына келтіруді талап етпек. Сонымен қатар іс барысында заң бұзушылықтар болған жағдайда, оны ресми түрде мойындауды сұрайды.

Әзірге Қазақстанның ресми органдары бұл іске қатысты түсініктеме берген жоқ. Өзбекстан билігінің де ұстанымы жарияланбаған.

Икболжон Қарабаев қалай ұсталды?

Еске салайық, халықаралық қатынастар профессоры Икболжон Қарабаев 2026 жылғы тамызда Қазақстанда ұсталған болатын. Бұл туралы ақпарат 27 тамызда тарады. Кейін оған тыңшылық жасады деген күдік бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланды.

Ғалымның кінәсі мен іс бойынша тағылған айыптың мән-жайына қатысты ресми түсініктеме әзірге жарияланған жоқ.