Әлеумет

Нұрсұлтан Жақсыгеннің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады: сот үкімі өзгеріссіз қалды

Актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды. Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қорғау тарапының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Заңгер Мұхаммад Алиосманның мәліметінше, бүгін апелляциялық сот блогерге қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтап, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдырған.

«Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырып, қорғау тарапының апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. Сабыралиева Фаризаның мүддесін қорғаушы адвокат ретінде қабылданған сот шешімін заңды, әділ әрі негізді деп есептеймін», – деп жазды Мұхаммад Алиосман.

Осылайша, Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын өтейді. Бұған қоса, оған бес жыл бойы блогерлікпен және өзге де жария ақпараттық қызметпен айналысуға тыйым салынған.

Еске салайық, Нұрсұлтан Жақсыген мен Фариза Сабырәлиева заңды некеде болған. Олардың екі ортақ баласы бар. Ерлі-зайыпты 2024 жылдың сәуірінде бірге тұруды тоқтатқан. Кейін Фариза бұрынғы жұбайы әлеуметтік желіде өзі туралы жалған ақпарат таратып, ар-намысы мен беделіне нұқсан келтірді деп құқық қорғау органдарына шағымданған.

2026 жылғы 16 қыркүйекте Алматы облысының Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенді Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға соттаған. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залында қамауға алынған.

Сондай-ақ сот Фариза Сабырәлиеваның пайдасына 5 миллион теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шығарған. Ал Нұрсұлтан Жақсыген өзіне тағылған айыпты мойындамай, әлеуметтік желідегі жазбаларды өзінің атынан басқа адамдар жариялағанын айтқан.