Саясат

Нұрлан Жақыпов қамауда болса да, Су спорты федерациясының басшысы қызметінде қала береді

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстанның Су спорты түрлері федерациясының президенті қызметінен әзірге босатылмайды. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Журналистер министрден федерация басшысының қамауға алынуына байланысты ұйым жетекшілігінде өзгеріс бола ма деп сұрады.

Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, қазіргі уақытта Жақыповты қызметінен алу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Министр тергеу аяқталғаннан кейін тиісті шешім қабылданатынын жеткізді.

«Ол федерация президенті болып қала береді. Тергеу жұмыстары аяқталған соң шешім қабылдаймыз», – деді министр.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері Нұрлан Жақыповтың ұсталуына байланысты «Самұрық-Қазына» қорының спорт саласына бөлетін қаржысына қатысты сауал қойды. Министр қаржыландыру тоқтамағанын және бұрынғы тәртіппен жалғасып жатқанын айтты.

Еске салайық, қараша айында «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған. Кейін сот оларды қамауға алу туралы шешім шығарған.