Саясат

Тоқаев жемқорларға ешқандай аяушылық пен рақымшылық болмайтынын айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа барған адамдарға ешқандай аяушылық болмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, кінәлілер лауазымына, еңбегіне немесе ықпалды таныстарына қарамастан заң алдында жауап береді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Мемлекет басшысы бұл туралы ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде айтты.

Тоқаев «Заң және Тәртіп» қағидаты Әділетті Қазақстан құрудың негізгі тірегі екенін атап өтті. Президенттің сөзінше, бұл ұстаным жай ғана мемлекеттік саясаттың бағыты емес, елді дамытуға арналған реформалардың өзегі болуы керек.

«Заң және Тәртіп» – жай ғана мемлекеттік саясаттың бір қағидаты емес. Ол – менің Әділетті Қазақстан құру жолындағы асқақ мұратымның арқауы, өзегі десем болады», – деді президент.

Сондай-ақ ол сыбайлас жемқорлықпен күресте ешкімге артықшылық берілмейтінін ескертті.

«Бұған дейін айтқанымдай, жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды. Кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайды. Оған лауазымы да, сіңірген еңбегі де, тіпті ықпалды „қамқоршылары“ да көмектеспейді. Заң алдында бәрі бірдей болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Самұрық-Қазына мен ҚТЖ басшылары ұсталды

Еске салайық, қараша айында «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Оларға қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысына күдік бойынша тергеу басталғаны хабарланды.

Бұл оқиға қоғамда үлкен талқылау тудырды. Кейін премьер-министр Олжас Бектенов аталған жағдайға қарамастан, «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялар штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген болатын.