Әлеумет

Астанада кәсіпкерді жалған ақпарат жариялаймыз деп бопсалап, 50 млн теңге талап еткен

Қазақстанда кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалап, оған қатысты жалған мәлімет таратқан ер адамның сот үкімі өзгеріссіз қалды. Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот оның тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасын күшінде қалдырды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Іс материалдарына сәйкес, сотталушы сыбайластарымен бірге интернетте кәсіпкер мен елордадағы коммуналдық кәсіпорын басшыларының атышулы қылмыстық іске қатысы бар деген жалған ақпарат жариялаған. Осыдан кейін кәсіпкер жалға алып отырған коммерциялық нысанның келісімшарты бұзылып, оған едәуір шығын келген.

Кейін ер адам кәсіпкерден ол туралы компромат жинауды және таратуды тоқтату үшін 50 млн теңге талап еткен. Ақшаны алу кезінде ол ұсталған.

«Дәлелдемелер белгіленген тәртіппен алынып, зерттелген. Олардың шынайылығы мен жарамдылығына әсер етуі мүмкін заңбұзушылықтар, сондай-ақ өзге де елеулі процессуалдық бұзушылықтар кассациялық сотта анықталған жоқ», – деп хабарлады сот.

Бірінші сатыдағы сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі және 194-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырған. Апелляциялық сот та үкімді заңды деп таныған.

Алайда сотталушының адвокаты оның кінәсі дәлелденбегенін айтып, сот шешімдерін жоюды сұраған. Кассациялық сот айыпталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптарымен, тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сараптамалармен және ақшаның берілгенін растайтын материалдармен дәлелденгенін атап өтті.

Осылайша, кассациялық сот бұрынғы үкімді өзгеріссіз қалдырды.