Әлеумет

«Самұрық-Қазына» қорындағы тағы бір топ-менеджерге қатысты тергеу басталды

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының тағы бір жоғары лауазымды қызметкері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің назарына ілікті. Бұл жолы құқық қорғау органдары қордың сатып алуды бақылау және мониторинг департаментінің директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған лауазымды тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растаған. Алайда ведомство оның кім екенін және қандай күдікке ілінгенін жарияламады.

Сондай-ақ бұл істің «Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақұпов пен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) басқарма төрағасы Елжас Отыниевке қатысты тергеумен байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

ҰҚК өкілдері істің мән-жайын ашып айтудан бас тартқан.

«Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп жауап берген комитет.

«Самұрық-Қазына» басшылары не үшін ұсталды?

Еске салайық, 11 қарашада ҰҚК қызметкерлері «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақұпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыниевті ұстаған болатын. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.

14 қарашада сот екеуін қамауға алу туралы шешім шығарды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсталымдарды мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықтың ауқымын көрсететін белгі деп бағалады.

Ал премьер-министр Олжас Бектенов тергеу амалдарына қарамастан, «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялар штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта жаңа тергеудің нақты мән-жайы мен оған қатысы бар тұлғалардың есімдері жарияланған жоқ.