Әлеумет

Шымкентте өртенген бензовоздың кабинасынан жүргізушінің мәйіті табылды

Шымкент қаласындағы Ташкент тасжолында жол-көлік оқиғасынан кейін бензин таситын көлік аударылып, өртенді. Өрт салдарынан жүргізуші оқиға орнында қаза тапты, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиға 18 қарашада сағат 15:58-де Тұран ауданында болған. Төтенше жағдайлар қызметіне өрт туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына өрт сөндірушілер жоғары шақырту деңгейімен жіберілген.

Құтқарушылар жеткен кезде аударылған бензовоз бен одан төгілген жанармай отқа оранған. Өрт 60 шаршы метр аумақты шарпыған. Тілсіз жау толық сөндірілді.

Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, көлік кабинасынан ер адамның мәйіті табылған.

«Оқиға орнына келген кезде жол апатынан кейін аударылған бензовоз толығымен отқа оранған еді. Жанармай да жанып жатты. Көлік кабинасынан қаза тапқан ер адамның денесі табылды», – деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.