Ұшқыштардың қателігінен ұшақ мұхитқа құлап, 228 адам қаза тапты
2009 жылғы 1 маусымда Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласынан Парижге бағыт алған Air France әуе компаниясының Airbus A330 ұшағы Атлант мұхитына құлап, борттағы 228 адамның барлығы қаза тапты. Апатқа техникалық ақау мен экипаждың әрекетіндегі қателіктер себеп болған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ұшақ Атлант мұхиты үстімен ұшып бара жатқанда қатты найзағайлы аймаққа тап болған. Көп ұзамай экипаж техникалық ақаулар туралы автоматты хабарламалар жіберген. Артынша ұшақпен байланыс үзілген.
Апат кезінде бортта 216 жолаушы мен экипаждың 12 мүшесі болған. Ұшақ мұхитқа құлап, ешкім аман қалмаған. Іздестіру топтары әуелі ұшақтың жекелеген бөлшектері мен қаза тапқандардың денелерін ғана тапқан. Ал лайнердің негізгі бөлігі мұхит түбінде, шамамен төрт шақырым тереңдікте жатқан.
Тергеу барысында апатқа бірнеше фактор әсер еткені анықталған. Атап айтқанда, жылдамдық датчиктері мұз басу салдарынан істен шыққан. Осыдан кейін ұшқыштар ұшақты қолмен басқаруға мәжбүр болған. Алайда экипаж жағдайды дұрыс бағалай алмай, ұшақтың көтергіш күші жоғалған қауіпті режимді дер кезінде анықтамаған.
Ұшақтың негізгі бөліктері мен борттық қара жәшіктері тек 2011 жылы, іздестіру жұмыстары басталғаннан кейін шамамен екі жыл өткен соң табылды.
Францияның Азаматтық авиация қауіпсіздігін зерттеу және талдау бюросы апаттың түпкілікті қорытынды есебін 2012 жылғы шілдеде жариялады. Онда қайғылы оқиғаға техникалық ақаулар мен адам факторларының қатар әсер еткені көрсетілген.