«Қазақфильмге» жаңа басшы келді: Құрманбек Жұмағали туралы не белгілі?
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының президенті болып Құрманбек Жұмағали тағайындалды. Ол бұған дейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы қызметін атқарған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының президенті болып Құрманбек Жұмағали тағайындалды. Ол бұған дейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы қызметін атқарған
Құрманбек Жұмағали еңбек жолын 2004 жылы бастаған. Ол журналистика, телевидение, мемлекеттік қызмет және медиа басқару салаларында тәжірибе жинаған.
Жылдар бойы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясында түрлі қызмет атқарған. Сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі, Маңғыстау облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, кейін басқарма басшысы болған.
Медиа саласында «Қазақ радиоларының» директоры, «Қазақстан» РТРК басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
2019–2021 жылдары «Астана» телеарнасының бас директоры болды. Ал 2021–2023 жылдары «31 арнаны» басқарды.
2023 жылғы шілдеден бастап Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы қызметіне кірісті. Енді ол отандық кино өндірісінің негізгі орталықтарының бірі саналатын «Қазақфильмге» басшылық етеді.
Тарихы күрделі киностудия
Соңғы жылдары «Қазақфильм» киностудиясының жұмысына қатысты бірқатар мәселе көтерілді. 2023 жылы прокуратура ұлттық киноны қолдауға бөлінген 400 млн теңгені жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізді. Сондай-ақ кейбір киножобаларға бөлінген қаражаттың жұмсалуына қатысты сұрақтар туындады.
2024 жылдың жазында сол кездегі киностудия президенті Азамат Сатыбалдының айналасында дау өршіді. Оны студия аумағындағы ғимараттарды жалға беру және көліктерді орналастыру мәселесі бойынша сынға алды.
Азамат Сатыбалды өз шешімдерін киностудияны ұстап тұру, қызметкерлердің жалақысын төлеу үшін қосымша қаражат табу қажеттілігімен түсіндірді. Сол жылы ол қызметінен кетті.