«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары қамауға алынды: тергеу не үшін жүргізіліп жатыр?
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отыншиев қамауға алынды. Оларға қатысты сыбайлас жемқорлыққа байланысты күдік бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, екі басшы да 12 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ал 14 қарашада тергеу сотының санкциясымен оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
ҰҚК өкілдері тергеудің өзге деректерін жарияламады. Комитет Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, қосымша ақпарат беруден бас тартқан.
ҰҚК әзірге Астанада көшеде шашылған долларлардың ұсталған басшыларға қатысы бар-жоғын нақтылаған жоқ.
Оқиғаға қатысты 13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізген. Жиында ол Конституция талаптарын сақтамаған тұлғалар «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң жазаланатынын айтқан.
Айта кетейік, Елжас Отыншиев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы қызметіне 2026 жылғы 20 шілдеде тағайындалған. Осылайша, ол бұл қызметте небәрі төрт ай жұмыс істеген. Ал Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы қызметіне 2023 жылғы сәуірде келген.