"Көршінің мәйіті ауыл шетіндегі бейіттен табылды": ауылдағы сұмдық оқиға
Оқырманның айтуынша, бұрын көрші үйде Райымбек есімді жақсы адам отбасымен тұрған. Кейін балаларының оқуына байланысты басқа қалаға көшіп, үйін сатып кеткен. Ал жаңа қожайындармен көршілердің қарым-қатынасы бірден қалыптаспайды. Үй иесі тұйық мінезді, ешкіммен араласпайтын адам болып шығады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бірде оқырманның баласы ауырып, ешкі сүтін сұрап көршісіне барады. Алайда ер адам дөрекі сөйлеп, сүт беруден бас тартады.
«Мен сүтіңізді тегін сұрап тұрған жоқпын, сатып алуға келдім. Қанша дегенмен көрші емеспіз бе?» дегеніме «Көрші болсаң қайтем, тілің мен жағыңа сүйенбей ары кет, сүт жоқ» деп есігін тарс жапты», – дейді автор.
Кейін көршінің иті түнде жиі ұли бастайды. Бір күні көрші әйелдердің бірі ер адамның әйелі мен балаларын үйден қуып жібергенін айтады. Ал ит иелерін сағынып ұлып жүрген болуы мүмкін деген болжам жасайды.
Тағы бірде оқырман иттің түнгі ұлуына шағымданғанда, ер адам ашуланып, байлаулы тұрған итін тепкілей бастайды. Содан кейін иттің даусы мүлдем естілмей кетеді.
Арада уақыт өтіп, қыс аяқталады. Көктемде көршілер әлгі ер адамның көптен бері көрінбегенін байқайды. Үйіне учаскелік инспектормен бірге кіргенде, ешкімді таппайды. Бірнеше күннен кейін оның мәйіті ауыл шетіндегі бейіттен табылғаны белгілі болады. Денесінде күш қолдану белгілері болмаған. Ер адамның бейітке не үшін барғаны және неден қайтыс болғаны жұмбақ күйінде қалады.
Көршілер ортадан ақша жинап, марқұмның жаназасын өткізеді. Алайда оны ақтық сапарға шығарып салуға әйелі мен балалары келмейді.
Осы оқиғадан кейін оқырман марқұмды ұмытып кеткенін айтады. Бірақ жақында ол түсіне кіріп, көмек сұрағандай жалбарынышты жүзбен қарапты.
«Шошып ояндым. Дереу жеті шелпегімді пісіріп, білген сүрелерімді оқып қойдым. Бірақ сол түс әлі ойымнан кетер емес. Не болды екен, қандай белгі болды бұл?» – деп жазады оқырман.