Әлемде

Ауласына бассейн қазып жүріп, 800 мың долларлық алтын тапты: ер адамға тұтас қазына бұйырды

Франция тұрғыны үйінің ауласына бассейн салмақ болып, жер қазу жұмыстары кезінде күтпеген олжаға тап болды. Құрылысшылар жер астынан бес алтын құйма мен ондаған алтын тиын салынған жасырын қойманы тапқан. Қазынаның жалпы құны шамамен 800 мың долларға бағаланған. Нәтижесінде ер адам алтынның барлығын өзіне қалдыруға мүмкіндік алған, деп хабарлайды buginmedia.kz The Daily Galaxy-ке сілтеме жасап.

Оқиға 2025 жылғы мамырда Лион қаласына жақын орналасқан Невиль-сюр-Сон елді мекенінде болған. Ер адам үйді осыдан бір жыл бұрын сатып алып, ауласын абаттандыруды жоспарлаған. Бассейн салу үшін құрылысшыларды жалдап, жер қазу жұмыстарын бастаған.

Жұмыс барысында мамандар топырақтың астынан бірнеше пластик пакет тауып алған. Оның ішінен бес алтын құйма мен ондаған алтын тиын шыққан. Бағалы металдардың жалпы құны 700 мың еуроға, яғни шамамен 800 мың долларға бағаланған.

Үй иесі олжаны жасырмай, бірден жергілікті билікке хабарлаған. Оқиғаны тексеруге жандармерия мен Мәдениет істері жөніндегі аймақтық басқарма мамандары қатысқан. Олар алтынның қайдан шыққанын, қылмысқа қатысы бар-жоғын және тарихи құндылығын анықтауға кіріскен.

Алтын неге ер адамға қалды?

Тексеру нәтижесінде алтын құймалардың шамамен 15–20 жыл бұрын Лион өңіріндегі кәсіпорындардың бірінде жасалғаны белгілі болған. Мамандар құймалардағы сериялық нөмірлер арқылы олардың шығу тегін анықтаған. Сараптама алтынның заңды жолмен сатып алынғанын және белгілі қылмыстарға қатысы жоқ екенін көрсеткен.

Сонымен қатар, мамандар табылған заттардан археологиялық немесе мәдени құндылық анықтамаған. Сондықтан мемлекет қазынаға иелік ету құқығын талап етпеген.

Франция Азаматтық кодексінің 716-бабына сәйкес, иесі анықталмаған және кездейсоқ табылған жасырын немесе жерге көмілген бағалы заттар қазына саналады. Егер мұндай олжа адамның өз жерінен табылса, олжаны тапқан адамға тиесілі болады.

Бұл жағдайда үйдің бұрынғы иесі қайтыс болған. Оның ықтимал мұрагерлері алтынға құқығы бар екенін растайтын құжат ұсынбаған. Осылайша жаңа үй иесі бес алтын құйма мен барлық тиынды өзіне қалдыру құқығына ие болған.

Алайда алтынның жер астына кім және қандай мақсатпен жасырылғаны сол күйі белгісіз қалды.