Әлеумет

Қазақстандық әйел мен баласы Оңтүстік Кореяда өлі табылды

Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматшасы мен оның 20 жастағы ұлының мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіт телефон алаяқтарының құрбаны болып, шамамен 17 миллион теңгесінен айырылған, деп хабарлайды buginmedia.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға 20 маусымда болған. Полицияның мәліметінше, анасы мен баласы соңғы уақытта қаржылық қиындықтарға тап болған. Оқиға орнынан табылған хатта жігіттің телефон алаяқтарына алданып қалғаны жазылған.

Тергеу деректеріне сәйкес, алаяқтар оған хабарласып, өздерін прокурор ретінде таныстырған. Олар жігіттің аты қылмыстық іске қатысы бар банк шоттарында кездесетінін айтып, тергеу жүріп жатқанын жеткізген.

Осылайша, күдіктілер оны қауіпсіздік шарасы деген желеумен жақын маңдағы мотельге орналасуға және туыстарымен байланысын үзуге көндірген. Нәтижесінде жігіт шамамен 50 миллион воннан (17 миллион теңгеге жуық) айырылған.

Жас жігіт 6 маусымда Сеул полициясына алаяқтық туралы арыз түсірген. Алайда арада екі апта өткенде анасы екеуінің мәйіті табылған.

Тергеушілер алаяқтардың құрбандарын кездейсоқ таңдамағанын анықтаған. Қылмыстық топ заңсыз жолмен алынған жеке деректер базасынан 20-30 жас аралығындағы адамдардың телефон нөмірлерін тауып, соларға хабарласқан.

Сеул қалалық полициясы бұл оқиғаның Қазақстанда әрекет еткен телефон алаяқтары тобының қылмысымен ұқсастығын анықтаған. Осыған байланысты тергеу материалдары Пусан қалалық полиция басқармасына берілген.

Басылымның жазуынша, Алматыда әрекет еткен телефон алаяқтары Оңтүстік Кореяда 100-ден астам адамды алдап, шамамен 2 миллиард теңге жымқырған.