Желіде шу болған әке мен қыздың видеосы: полиция тергеуді аяқтады
Қазақстанда 12 жастағы қызын ернінен сүйген әкеге қатысты тексеру аяқталды. Полиция ер адамның әрекетінен қылмыс құрамын анықтамаған. Бұл туралы Құрылтайдағы брифингте Ішкі істер министрлігі Ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға қалай болды?
Қараша айының басында әлеуметтік желілерде ер адамның 12 жастағы қызын ернінен сүйіп жатқан видеосы тарады. Кадрлар қоғамда қызу талқыланды.
Осы жағдайға байланысты құқық қорғаушы Ләззат Рақышева Өскемен қаласының полициясына және Бала құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінген. Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті өтініш тіркеліп, тексеру басталғанын хабарлаған. Оған білім бөлімі мен жергілікті атқарушы орган өкілдері де қосылған.
Полиция қандай шешім қабылдады?
Асхат Дүйсембековтің айтуынша, тексеру аяқталған. Нәтижесінде ер адамның әрекетінен қылмыс құрамы анықталмағандықтан, материалды есептен шығару туралы шешім қабылданған.
Алайда ол тексеру барысында қандай сараптамалар жүргізілгенін және кімдерден жауап алынғанын нақтыламады.
Министр не деді?
Құрылтайдағы брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова да бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Ол мектептерде биыл енгізілген «Жеке қауіпсіздік» курсының маңызын атап өтті.
«Меніңше, бұл – қарым-қатынастың жол беруге болмайтын түрі. Сондықтан, биыл мектептерде “Жеке қауіпсіздік” атты жаңа пән, жаңа курс енгізілді. Жетінші сыныптан бастап оқушыларға арналған арнайы тақырыптар бар. Бұл сабақтарда педагог-психологтар балаларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіреді. Меніңше, бұл пән қазірдің өзінде қажет. Әр бала өз шекарасын қорғай білуі керек. Әр бала ненің рұқсат етілгенін, ненің болмайтынын түсінуі тиіс», – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада құрбысының кішкентай ұлын ернінен сүйген 23 жастағы қыз да полиция тексеруіне іліккен еді. Оқиғаны баланың анасы телефонға түсіріп алған. Кейін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.