Алматыда ҚазҰУ-дың бірінші курс студенті көз жұмды: полиция күдіктіні ұстады
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тағы бір студенттің көз жұмды. Қайтыс болған жас жігіт География және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курсында оқыған. Бұл дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа қарағанда, қайғылы оқиға түнгі уақытта болған. Алдын ала болжамдар бойынша, оған жастар арасындағы жанжал немесе өзіне қол жұмсау себеп болуы мүмкін. Алайда құқық қорғау органдары бұл нұсқалардың ешқайсысын әзірге растаған жоқ.
Алматы қалалық полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды. Тергеудің толықтығы, жан-жақтылығы және объективтілігі қағидаттарын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді полиция.
Университет басшылығы марқұмның жақындарына көңіл айтып, отбасына материалдық және моральдық қолдау көрсетіп жатқанын жеткізді.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы География және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты ата-анасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр. Университет жағдайды объективті қарастыруға жан-жақты көмек көрсетіп жатыр», – делінген оқу орнының хабарламасында.
Айта кетейік, соңғы екі аптада ҚазҰУ-да екінші студент қайтыс болып отыр. 6 қараша күні университеттің студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курсында оқитын қыз көз жұмған еді. Ол Алматыға Шымкенттен білім алу үшін келген. Бұл оқиғаға қатысты да полиция қылмыстық іс қозғаған.