Саясат

Тоқаев ҰҚК басшысы ауысқаннан кейін комитетті реформалауды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырып, ведомствоның алдына бірқатар міндет қойды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ақорданың хабарлауынша, Президент ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, комитет жұмысының тиімділігін арттыру және алдына қойылған міндеттерді орындаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға, экономикалық саладағы ұлттық мүддені қорғауға, сыбайлас жемқорлық пен басқа да заң бұзушылықтарға қарсы күреске басымдық беруді тапсырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы кадрларды іріктеу тәртібін жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптердің алдын алу және мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту қажеттігін айтты.

Еске салайық, 16 қарашада Марат Ирменов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті атқарған Ермек Сағымбаев лауазымынан босатылды.