Саясат

ҰҚК-нің жаңа төрағасы тағайындалды

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы болып Марат Ирменов тағайындалды. Ол бұған дейін ҰҚК төрағасының орынбасары қызметін атқарған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Ғатаұллаұлы Ирменов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Марат Ирменов 1993 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, 1996 жылы ҚР ҰҚК институтын, 2000 жылы Халықаралық құқық және нарық академиясын тәмамдаған.

Ол 1996–2000 жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарында жедел қызметтерде жұмыс істеген. Ал 2000–2025 жылдары осы салада басшылық лауазымдарды атқарған.

2025 жылдың қазан айынан бастап ҰҚК төрағасының орынбасары қызметінде болды.

Марат Ирменов ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, мемлекеттік, ведомстволық және мерейтойлық медальдармен марапатталған. Сондай-ақ ол – ҚР ҰҚК-нің құрметті қызметкері.

2019 жылы оған ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағы берілген.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылған болатын.