Саясат

ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев сыбайлас жемқорлық дауларынан кейін қызметінен кетті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қызметінен босатты. Кадрлық шешім «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қатысты жемқорлық істері мен бірқатар лауазымды тұлғаның ұсталуынан кейін қабылданды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Басылымның мәліметінше, Ермек Сағымбаевтың қызметтен кеткені 16 қарашада белгілі болған. Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойған.

Сағымбаев ҰҚК-ні 2022 жылғы 6 қаңтардан бері басқарды. Ол бұл қызметке Қаңтар оқиғасынан кейін тағайындалған. Сол кезде комитеттің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталған болатын.

2026 жылғы тамызда Ермек Сағымбаев ҰҚК төрағасы қызметіне қайта тағайындалған еді.

Ермек Сағымбаев туралы не белгілі?

Ермек Сағымбаев 1967 жылы 11 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Мамандығы бойынша инженер-электромеханик және заңгер.

1994–2006 жылдары ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет атқарған. Кейін Мемлекеттік күзет қызметіне ауысып, 2019 жылы Президент күзет қызметінің бастығы болды. Ал 2021 жылғы тамызда Мемлекеттік күзет қызметін басқарды.

Оған ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты әскери атағы берілген.