Дженсен Хуанг NVIDIA-ға қайта оралғысы келеді: Илон Маск пен басқа миллиардерлер оны қолдады
Дженсен Хуангтың NVIDIA-ға қайта оралуы мүмкін. Оны Илон Маск бастаған бірқатар миллиардер мен технология саласының танымал өкілдері қолдап отыр. Олар компания басшылығынан бұрынғы бас директорды қызметіне қайтаруды талап еткен ашық үндеуге қол қойған., деп хабарлайды buginmedia.kz Financial Times-қа сілтеме жасап.
Бұл бастама Хуанг компаниядан кеткеннен кейін бірнеше күн өткен соң көтерілді.
Илон Маск пен миллиардерлер NVIDIA-ның бұрынғы басшысын қызметіне қайтаруды талап етті
Хуанг өзінің сенімді адамдарымен компанияға қайта оралу мәселесін талқылаған. Оны қолдайтын кәсіпкерлер технология саласының ықпалды өкілдерінен арнайы топ құрып, бұрынғы басшыны қызметіне қайтару науқанын бастаған.
Олар NVIDIA басшылығымен ғана емес, АҚШ әкімшілігімен де келіссөз жүргізуді көздеп отыр.
Дженсен Хуанг не себепті қызметінен кетті?
12 қарашада NVIDIA Дженсен Хуангтың компания президенті, бас директоры және директорлар кеңесінің мүшесі қызметінен кеткенін ресми түрде жариялады. Шешім бірден күшіне енді.
Бұған кәсіпкердің некеден тыс қарым-қатынасы туралы ақпараттың таралуы себеп болды. Олардың арасында АҚШ арнайы қызметтері Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін деп күдіктенген әйел де бар. Алайда Хуангтың құпия ақпаратты басқаға бергені туралы нақты дәлел жарияланған жоқ.
8 қарашада кәсіпкер компания қызметкерлеріне үндеу жасап, отбасына опасыздық жасағанын мойындады. Сондай-ақ отбасы мүшелері мен әріптестерінен кешірім сұрап, директорлар кеңесі бастаған тәуелсіз тергеуге қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Ол кеткеннен кейін бас директордың міндетін уақытша қаржы директоры Колетт Кресс атқаруға кірісті. Ал компания жаңа басшыны іздеуді бастады.
Хуангты кімдер қолдап жатыр?
Бұрынғы басшыны қызметіне қайтару туралы петицияны қолдаушылар саны 14 қарашадағы жағдай бойынша 115 мыңнан асты.
Олардың арасында Tesla және SpaceX компанияларының басшысы Илон Маск, Epic Games жетекшісі Тим Суини, Replit басшысы Амджад Масад және Y Combinator жетекшісі Гарри Тан бар.
Маск бастаған кәсіпкерлер Хуангқа қатысты жағдай толық әрі әділ зерттелмейінше, директорлар кеңесі оның болашағына қатысты түпкілікті шешім қабылдамауы керек деп санайды.
Петицияға NVIDIA компаниясының бірнеше мың қызметкері де қол қойған.
NVIDIA-ны алда не күтіп тұр?
Хуангты қызметіне қайтару әрекеті АҚШ билігінің қарсылығына тап болуы мүмкін. Financial Times мәліметінше, АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент NVIDIA басшылығында елеулі өзгерістер болуы керегін айтқан.
Бұған қоса, компаниядағы тәуелсіз тергеудің қорытындысы да Хуангтың болашақ қызметіне әсер етуі ықтимал.
NVIDIA 17 қарашада тоқсандық қаржылық есебін жарияламақ. Бұл басшылық ауысқаннан кейін компания үшін маңызды сынақтардың бірі болмақ.
Айта кетейік, Дженсен Хуанг NVIDIA компаниясын 1993 жылы құрылған кезінен бастап басқарды. Оның жетекшілігімен графикалық процессорлар өндірушісі жасанды интеллект саласындағы ең ірі технологиялық компаниялардың біріне айналды.