Орман ішінен экс-министрге тиесілі 17 млн еуро табылды
Венгрияда бұрынғы премьер-министр Виктор Орбанның үкіметінде министр болған Миклош Шестакқа қатысты тергеу кезінде 17,6 миллион еуроға жуық ақша табылды. Қаражаттың бір бөлігі орманға жасырылса, қалғаны қоймалардан, шаруашылық ғимараттарынан және оның үйінен табылған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Bild жазуынша, Венгрияның Ұлттық активтерді қайтару және қорғау басқармасының мәліметінше, тінту жұмыстары Будапешт қаласында және елдің тағы үш аймағында жүргізілген.
Тергеушілер ақшаны әртүрлі жерден тапқан. Оның ішінде орманға жасырылған қаражат, қоймалардағы ақша және арнайы сейфке салынған банкноттар бар.
Табылған ақшаны санауға Мемлекеттік қазынашылықтың 12 қызметкері сегіз сағат жұмсаған. Олар бес ақша санау құрылғысын пайдаланған. Кейін тәркіленген қаражат мемлекет қазынасына өткізілген.
Тергеу дерегінше, Миклош Шестак шамамен 34 миллион еуро пара алған болуы мүмкін. Ол қыркүйек айының соңынан бері қамауда отыр.
Бұл Венгриядағы бұрынғы билік өкілдеріне қатысты жалғыз іс емес. Осы аптада Виктор Орбанның інісі Арон да ұсталды. Оған адам саудасымен айналысты және адамдарға қысым көрсетті деген күдік тағылған.
Бұдан бөлек, Венгрияның Орталық банкінің бұрынғы басшысы Дьёрдь Матолчи де қамауға алынған. Ол банк қаражатын мақсатсыз пайдаланды деген күдікке ілінген.
Сәуірдегі сайлауда жеңіске жеткен Венгрияның жаңа премьер-министрі Петер Мадьяр Орбанның айналасындағы жемқорлық әрекеттерді әшкерелеуге уәде берген. Ол бұрынғы министрден табылған ақшаны елдегі сыбайлас жемқорлық жүйесінің дәлелі деп атады.
«Бүгіннен бастап Виктор Орбанның мафия басшысы болғаны дәлелденді. Енді ол – биліктен кеткен мафия басшысы», – деп жазды Петер Мадьяр Facebook парақшасында.
Ал Виктор Орбан өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр. Ол тергеу мен қамауға алуды саяси қысым деп санайды.
Айта кетейік, Венгрияда мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын және бұрынғы билік өкілдерінің әрекеттерін тексеру үшін арнайы басқарма құрылған. Бұл бастама жаңа премьер-министр Петер Мадьярдың сайлауалды уәделерінің бірі болған.