153 жолаушысы бар ұшақта екі ұшқыш та ұйықтап кеткен: оқиғаның мән-жайы жарияланды
Индонезияда Batik Air әуе компаниясының екі ұшқышы жолаушылар ұшағын басқарып келе жатып, бір мезетте ұйықтап кеткен. Airbus A320 ұшағының бортында 153 жолаушы мен төрт бортсерік болған. Салдарынан әуе кемесі 28 минут бойы диспетчерлердің шақыруына жауап бермей, белгіленген бағыттан ауытқыған. Дегенмен экипаж жағдайды бақылауға алып, ұшақты аман-есен қондырған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы Индонезияның Көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық комитетінің (KNKT) қорытынды есебінде жарияланған.
Оқиға Кендари – Джакарта бағыты бойынша орындалған BTK6723 рейсінде болған. Ұшақ биіктікке көтерілгеннен кейін әуе кемесінің командирі екінші ұшқыштан біраз тынығуға рұқсат сұраған. Кейін оянған соң әріптесіне де демалуды ұсынған. Алайда екінші ұшқыш бастапқыда келіспеген.
Біраз уақыттан кейін командир қайтадан ұйықтап кеткен. Осылайша екінші ұшқыш біраз уақыт ұшақты жалғыз басқаруға мәжбүр болған. Бірақ Джакартадағы диспетчерлік орталықпен байланыс орнатқаннан кейін ол да ұйықтап қалған.
Нәтижесінде екі ұшқыш та ұйықтап, ұшақ автопилот режимінде соңғы берілген бағыт бойынша қозғала берген. Алайда біраз уақыттан кейін әуе кемесі белгіленген траекториядан ауытқи бастаған.
Диспетчерлер экипажбен бірнеше рет байланысуға тырысқанымен, жауап ала алмаған. Тіпті жақын маңдағы басқа ұшақтардан да BTK6723 рейсімен байланыс орнатуға көмектесуді сұраған. Ұшақ шамамен 28 минут бойы шақыруларға жауап бермеген.
Бір кезде командир оянып, ұшақтың бағыттан ауытқығанын байқаған. Ол екінші ұшқышты оятып, диспетчерлермен байланысты қалпына келтірген. Экипаж ұшақтың бағытын түзетіп, Джакарта әуежайына сәтті қонған.
Ұшқыштар неге ұйықтап кеткен?
Тергеу барысында екінші ұшқыштың рейске дейін жеткілікті демалмағаны анықталған. Оның таңғы рейс алдындағы ұйқысы бірнеше рет бөлініп, ұшар алдында толық тыныға алмаған болуы мүмкін.
Сонымен қатар рейс алдындағы медициналық тексеру ұшқыштардың шаршау деңгейін анықтауға мүмкіндік бермеген. Тексеру кезінде тек қан қысымы, тамыр соғысы өлшеніп, ағзада алкогольдің бар-жоғы тексерілген.
Тергеушілер IMSAFE деп аталатын өзін-өзі бағалау сауалнамасы мен медициналық тексерулер ұшқыштардың шамадан тыс шаршағанын анықтауға жеткіліксіз болғанын айтады.
«Тергеушілер бұл оқиғадан кейін ұшқыштардың ұшу кезінде ұйықтауын рейс алдындағы ұйқының жетіспеушілігін өтеудің қалыпты тәсілі ретінде қабылдаған болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Алайда мұндай тәжірибе шаршауды басқару жөніндегі ұсыныстарға сәйкес келмейді», – делінген KNKT есебінде.
Комиссия кабинадағы бақылау тәртібінің нақты белгіленбеуі де екінші ұшқыштың ұйықтап кеткенін уақытында анықтауға кедергі болғанын айтты.
Әуе компаниясы қандай шара қабылдады?
Оқиғадан кейін Batik Air компаниясы ұшқыштарға рейс алдында жеткілікті демалу және қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін ескерткен.
Сондай-ақ IMSAFE сауалнамасын қолдану тәртібі қайта қаралған. Енді өзін рейске дайын емеспін деп есептеген қызметкер бұл туралы басшылыққа хабарлап, ұшудан бас тарта алады.
Бұдан бөлек, ұшақ кабинасын тексеру жиілігі өзгертілген. Жаңа талап бойынша кабина әр 30 минут сайын тексерілуі керек.
KNKT компания қабылдаған шараларды оң бағалағанымен, ұшқыштардың шаршауын басқару жүйесін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, ұйқының қажетті ұзақтығын анықтау және жұмыс басталғанға дейін демалысты жоспарлау жөнінде нақты ережелер енгізуді ұсынды.