Тоқаев Үкіметке жемқорлықты азайтуға 11 күн уақыт берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге үш жылдық мораторий енгізуді тапсырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Үкімет пен бақылаушы органдарға квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықты азайту жөнінде 24 қарашаға дейін ұсыныс әзірлеуді жүктеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Мемлекет басшысы бұл туралы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында айтты.
Президенттің сөзінше, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуына қарамастан, мемлекеттік компаниялардың жұмысы тоқтамайды. Барлық мекеме қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.
«Жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрес инвесторлар мен несие берушілердің аталған институтқа деген сенімін арттырып, олардың мейлінше тиімді, ашық және жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Бас прокуратура жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын заңсыз активтерді қайтарғанын еске салды. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына бағытталған. Қазіргі уақытта олардың 383-і, соның ішінде медициналық мекемелер, мектептер, спорт кешендері мен сумен жабдықтау желілері салынып біткен.
Алайда Президент бірқатар нысанның, соның ішінде жолдардың сапасына қатысты мәселе бар екенін айтты. Осыған байланысты әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыс сапасын тексеру қажеттігін атап өтті.
Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға биыл 24 қарашаға дейін квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты азайту және компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын жақсарту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын бақылайтын арнайы мемлекеттік комиссия құрылатынын мәлімдеді. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланбақ.
Президент әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, соның ішінде жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері сапалы салынуы керектігін қатаң ескертті.
«Мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуынша, «Заң, Әділеттілік және Тәртіп» қағидаттары елдің алдағы дамуындағы басты бағдар болуы керек.