«Самұрық Қазына» мен «ҚТЖ» басшыларының ұсталуы: Тоқаев мәлімдеме жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Президент бұл жағдайды мемлекеттік компанияларда жемқорлықтың белең алғанын көрсететін күрделі оқиға деп мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
13 қарашада Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі істің тергеліп жатқанын айтты.
«Кеше еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары "Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" компаниясы басшыларының ұсталғаны туралы мәлімет таратты. Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай», – деді Президент.
Мемлекет басшысы тергеу енді басталғандықтан, оның барысына қатысты мәліметтерді жариялауға болмайтынын атап өтті. Сонымен қатар бұл істі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясындағы маңызды оқиға деп атады.
Тоқаевтың айтуынша, 2023-2025 жылдар аралығында елде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 3 168 құқықбұзушылық анықталған. Оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер жасаған. Қалған құқықбұзушылықтарға өзге тұлғалар, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметкерлері қатысқан. Анықталған істердің жалпы сомасы 248 миллиард теңгеден асады.
Ал биылғы жылдың алғашқы он айында 751 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы тіркелген. Оның 546-сын мемлекеттік қызметшілер, 205-ін басқа тұлғалар жасаған.
Президент жемқорлыққа қатысты істерді тексеру кезінде ешкімге артықшылық берілмеуі керектігін ескертті. Оның сөзінше, адамның лауазымы, еңбегі немесе туыстық байланысы оны заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды.
«Өзіміздікі» және «өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне Бас прокуратурамен бірлесіп, түрлі деңгейдегі басшыларға қатысты жымқыру деректерін жедел әрі мұқият тексеруді тапсырды.
Сонымен бірге Президент биліктің кәсіпкерлерге кедергі келтіруді көздемейтінін айтып, оларға қолдау көрсету жалғасатынын жеткізді.