Экономика

Ұлытау облысында «Қазақмыстың» қолдауымен 3 мың адамға арналған орталық мешіт ашылды

13 қарашада Жезқазған қаласында Ұлытау облысының орталық мешіті салтанатты түрде ашылды. 3 мың адамға арналған діни нысанның құрылысына «Қазақмыс» корпорациясы қаржы бөлген, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Жаңа мешіттің ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, «Қазақмыс» корпорациясының байқау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, корпорация басқармасы төрағасы Руслан Өскенәлі, сондай-ақ облыстың құрметті азаматтары, ақсақалдар және мердігер ұйымның өкілдері қатысты.

Мешіттің құрылысы 2025 жылы басталған. Осы жылдың шілде айында Қазақстанның Бас мүфтиінің қатысуымен алғашқы іргетасы қаланды. Жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, ал бас мердігері – «Integra Construction» ЖШС. Діни басқарма төралқасының шешімімен нысанға «Ұлытау облыстық орталық мешіті» деген атау берілді.

​

Жаңа мешіт Жезқазғанның орталық бөлігінде орналасқан. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы шамамен 3 800 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, мешіттің айналасындағы 4 855 шаршы метр аумақты көгалдандыру жоспарланған. Мешітте құлшылық рәсімдерімен қатар діни-ағартушылық шаралар өткізіліп, тұрғындардың рухани бас қосуына мүмкіндік жасалады.

​

«Бүгін – Ұлытау облысының рухани өміріндегі айрықша әрі тарихи күн. Халқымыздың тарихының алтын бесігі саналатын қасиетті Ұлытау жерінде жаңа мешіттің бой көтеруі – дінге, ізгілікке және рухани құндылықтарға деген құрметтің айқын көрінісі», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Орталық мешіттің ашылуы – «Қазақмыс» корпорациясының қаржылай қолдауымен жүзеге асқан маңызды әлеуметтік жобалардың бірі.

​

«Біз халқымыздың көпғасырлық дәстүрінің, ұрпақтар сабақтастығының, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарының көрінісіне айналатын жаңа рухани орталықтың есігін ашып отырмыз», – деді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Байқау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және жайлы қалалық орта қалыптастыру корпорацияның өңірлердегі қызметінің маңызды бағыттары болып қалады.

Ұлытау облысының әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында «Қазақмыс» бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға қатысып келеді.

Жезқазғанда жаңа мешіттің жанында орналасқан Кеңгір су қоймасының жағалауын қайта жаңарту жұмыстары да аяқталуға жақын. «Жастар» саябағын абаттандыру, С. Қожамқұлов атындағы театрды күрделі жөндеу және «Намыс» балалар-жасөспірімдер спорт академиясын салу жұмыстары жалғасып жатыр.

Ұлытау университетінің құрылысы аяқталуға жақын, жатақхана ғимаратын салу жұмыстары да соңғы кезеңіне жетті.

​

Сәтбаев қаласында Кенші даңқы алаңын қайта жаңарту және қалалық ауруханаға жаңа травматология бөлімшесіне арналған қосымша ғимарат салу жобалары жүзеге асырылып жатыр.

«Ұлытау облысының дамуы біз үшін ерекше маңызға ие. Өндірісті жаңғырта отырып, біз компаниямыздың басты қағидаты – адамдардың игілігі үшін жұмыс істеуді үнемі басшылыққа аламыз», – дейді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

2027 жылы әлеуметтік инфрақұрылымның жаңа нысандарын, оның ішінде көпфункционалды конгресс-орталық, футбол стадионы және заманауи теннис орталығының құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Бұл жобалар қалалық ортаны дамытуға, білім алу, спортпен шұғылдану және мәдени демалыс мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ Ұлытау облысы тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған.

«Қазақмыс» өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына арналған ұзақмерзімді маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға қатысуды жалғастырады.