Әлеумет

Әкесі үйдегі жылытқышты араққа айырбастаған: бала сұмдық жағдайда көз жұмды

Желтоқсанның қақаған аязында әкесінің нан әкелуін күткен бала аштық пен суықтан көз жұмды. Әкесі үйдегі жалғыз жылытқыш пешті сатып, ақшасына нан әкелуге уәде берген. Алайда ол ақшаны азық-түлікке емес, араққа жұмсаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиға желтоқсанның екінші аптасында болған. Әділеттің анасы төрт ай бұрын айықпас дерттен қайтыс болған. Жарының өлімінен кейін Ерсін ішімдікке салынып, баласына дұрыс қарамайтын болған.

Бір күні үйге мас күйінде келген әкесінен Әділет тамақ сұрайды.

– Әкешім, қарным ашты, – дейді бала.

– Балам, сәл шыда. Қазір мына жылытқыш пешті сатып, ақшасына нан әкелемін, – деп жауап береді Ерсін.

Ол үйдегі электр жылытқышты алып, сыртқа шығып кетеді. Бірақ жолда ішімдік ішетін достарына кездесіп, пешті сатудан түскен ақшаға тағы да арақ сатып алады. Осылайша, баласы үйде тамақсыз әрі жылусыз қалады.

Ертеңіне мастығы тарқаған Ерсін қалған ақшаға аздап нан сатып алып, үйіне оралады.

– Балам, әкең нан әкелді. Ояншы! – деп ұлын оятуға тырысады.

Алайда бала жауап бермейді. Әкесі жақындап қарағанда, Әділеттің көз жұмғанын көреді. Суықтан баланың көзінен аққан жасы да қатып қалған еді.

Осылайша, әкесінің жауапсыздығы мен ішімдікке тәуелділігі баланың өмірін қиды.